Шымкентте қала мектептерінің жұмысын цифрлық талдау барысында сатып алуларға, мұғалімдердің оқу жүктемесіне және кейбір отбасылардың мәртебесіне қатысты күмәнді деректер анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қала мектептерінің қызметіндегі қызықты мәліметтерді «Жетінші арна» жариялады. Анықталған бұзушылықтардың бір бөлігі мұғалімдерге қатысты: мысалы, 70 сағаттық жүктемемен жұмыс істеген мұғалім, сондай-ақ бір қызметкердің бір мезгілде екі басшылық лауазымды атқарған жағдайлары тіркелді.

Цифрлық талдау көрсеткендей, бір мектеп бюджет қаражаты есебінен 70 балта сатып алған. Сонша құрал қандай қажеттілікке жұмсалғаны белгісіз. Сонымен қатар үш бухгалтерге 55 калькулятор тапсырылған.

Сондай-ақ әлеуметтік көмек алатын кейбір отбасылардың өздерінің дүкендері, жер телімдері және бірнеше көлігі бар екені анықталды. Ал өзін аз қамтылған отбасы ретінде көрсеткендердің бір бөлігі көмек алуға құқығын растайтын құжаттарды ұсына алмады.

Жалпы алғанда, талдау білім саласында бірден 12 бағыт бойынша ережелердің сақталмағанын көрсетті.

«Цифрландыру көп көмектесті. Айтқанымдай, былтыр 10 млрд 200 млн теңге үнемдедік, бүгінде шамамен 15 млрд теңге үнемдедік. Жыл соңына дейін үнемделген қаражат көлемі одан да артады деп ойлаймын», — деді Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.