Шымкентте өрт шығып, Абай ауданындағы Арғынбеков көшесінде кафеге жалғасқан асхананың шатырын түгел қамтыды. Құтқарушылар ғимараттан 50 литрлік оттегі баллонын алып шығып, оттың ауданы 200 шаршы метр көршілес кафеге таралуын болдырмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Шымкенттің 112 пультіне кафеге жалғасқан ғимаратта өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Оқиға орнына ТЖМ күштері жіберілді. Өрт сөндірушілер келгенде жанындағы асхананың шатыры толық отқа оранғаны анықталды. Құтқарушылар барлау жүргізіп, өртті сөндіруге кірісті», — деді ведомствода.

Сөндіру барысында ғимараттан 50 литрлік оттегі баллоны қауіпсіз жерге алынып шығарылды. Құтқарушылардың уақтылы қолданған шараларының арқасында оттың таралуын болдырмауға және ауданы 200 шаршы метр кафе ғимаратын өрттен сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Өрт 100 шаршы метр аумақта сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.

«Электр қондырғылары кернеу астында тұрса және электр қуаты өшірілмесе, өртті сумен өз бетінше сөндіруге қатаң тыйым салынады. Бұл адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Өртті байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарласыңыз», — деп еске салды ТЖМ.