Шымкентте TikTok-те Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты «пышақпен 72 соққы салар едім» деп жазған ер адам полиция жауапкершілігіне тартылды. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде скриншот тараған соң кеңінен талқыланды, ал қайтыс болған қыздың отбасының адвокаты құқық қорғау органдарына жүгінген еді... деп хабарлайды infohub.kz.
Пікір авторы — Шымкенттің 37 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында ол бұл сөзді Нұрайға емес, оны өлтірді деп айыпталған адамға қатысты айтқанын түсіндірді. Оның айтуынша, ол күдіктіге қалай әрекет етер еді деген сұраққа жауап берген. Сондай-ақ ол қайтыс болған қыздың отбасынан көпшілік алдында кешірім сұрап, зорлық-зомбылықты қолдамайтынын, бірақ сөзінің мағынасы бұрмаланғанын айтты.
Шымкент полиция департаменті пікір авторының жеке басы анықталғанын растады. «Курсивтің» сауалына берілген жауапта: «Ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес, яғни құқыққа қайшы контентті орналастырғаны және таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, азаматпен мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді», — делінген.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкентте өлтірілген еді. Тергеу деректері бойынша, айыпталушы қызды дүкен маңында күтіп тұрып, өлімге әкелетін пышақ жарақатын салып, қашып кетуге тырысқан, бірақ көп ұзамай ұсталған. Бұған дейін сотта куәгер шабуыл туралы айтып, қайтыс болған қыздың ағасы айыпталушының өлтіруден бұрын Нұрайды ұрламақ болғанын мәлімдеген.


