Шымкентте мемлекеттік кірістер органдарының төрт қызметкері инвесторлардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тиісті бір жұмыс күнінің орнына әкімшілік актіні жоюды төрт ай күтуге тура келген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, Шымкент прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің инвесторлар қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтады.
Прокурорлық қадағалау барысында мемлекеттік кірістер органдары инвесторға (жауапкершілігі шектеулі серіктестікке) қатысты шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы әкімшілік акт шығарғаны белгілі болды.
Кейін компания корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша салық есептілігін ұсынып, хабарлама талаптарын орындады. Осылайша, шығыс операцияларын тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылды.
Салық кодексінің 86-бабының 7-тармағына сәйкес, мұндай жағдайда әкімшілік акт шығарған салық органы операцияларды тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей оны жоюға міндетті.
«Алайда Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті инвестордың шоттары бойынша шығыс операцияларын бір жұмыс күні ішінде қалпына келтірудің орнына әкімшілік актіні тек 4 айдан кейін жойды», — деді Шымкент прокуратурасында.
Осы факті бойынша кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 216 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, инвесторлардың банк шоттарына салынған шектеулерді уақтылы алып тастамаған мемлекеттік кірістер органдарының тағы үш қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


