Шымкентте ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған әйелге қатысты ақтау үкімін шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен — ірі мөлшерде алаяқтық жасау бойынша қаралды.

Айыптау нұсқасы бойынша, сотталушы 2025 жылғы 16 тамызда жәбірленушіге өзі мен оның әпкелері үшін Оңтүстік Кореяға бизнес-виза рәсімдеуге көмектесуге уәде беріп, жәбірленушінің 12 млн теңгесін алдау жолымен иемденген.

Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші қатаң жаза беруді талап етті. Сотталушының өзі кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.

Сот айыптаудың жәбірленушінің жауаптарына, қолхатқа, бейнежазбаға және психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына негізделгенін анықтады. Алайда сот тергеуі барысында айыптау дәлелдері жоққа шығарылды.

Сарапшыларға тек 15 секундтық қиып алынған жазба ұсынылған, ал бейнежазбада 12 млн теңгенің берілуі мен алынуы, қолхат жазылуы, сондай-ақ визалар жөніндегі алдын ала келісімдер тіркелмеген. Тараптардың 2025 жылғы шілде мен тамыз аралығындағы телефон хат алмасуында Корея мен визалар туралы мәлімет мүлде жоқ. Сонымен қатар жәбірленушінің алтын бұйымдар үшін ақшаны қайтаруды талап етіп, көптеп қоңырау шалғаны және қорқытқаны тіркелген.

Жәбірленуші де, оның әпкелері де сотталушыға виза үшін құжаттарды бермеген. Жәбірленушінің әпкелері сотталушыны ешқашан көрмеген және онымен виза рәсімдеу мәселесін талқыламаған.

Сот тараптар арасында бұрын сатып алынған алтын бұйымдар үшін қарызға байланысты азаматтық-құқықтық қатынастар болғанын, ал 12 млн теңгені сотталушы алмағанын анықтады.

Істе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, әйел кінәсіз деп танылып, ақталды. Үкім заңды күшіне енді.