Шымкентте алимент бойынша борышкер жеке сот орындаушысының оған 14 млн теңгеден астам қарыз есептеген қаулыларына сотқа шағымданды. Талап қанағаттандырылды, бірақ ішінара, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты борышкердің жеке сот орындаушысына қатысты шығарылған қаулыларды даулау туралы әкімшілік ісін қарады.

Сот талқылау барысында жеке сот орындаушысының алимент бойынша 14 млн теңгеден астам сомаға қарызды айқындау туралы қаулы шығарғанын анықтады. Сонымен қатар ол қамтамасыз ету шараларын қолданды: борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салды, сондай-ақ көлік құралдарын ұстау және Қазақстан Республикасының шегінен шығуын шектеу туралы қаулылар шығарды.

Талап қоюшы қарыздың есебімен келіспей, жеке сот орындаушысы даулы кезеңдегі оның нақты табыстары мен зейнетақы аударымдарын ескермегенін мәлімдеді. Осыны негізге ала отырып, ол шығарылған барлық қаулылардың күшін жоюды сұрады.

Іс материалдары мен зейнетақы аударымдары туралы мәліметтерді зерделей келе, сот қарыз сомасын айқындау кезінде есеп борышкердің нақты табысын есепке алмай, дұрыс жүргізілмеген деген қорытындыға келді. Талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін қарызды қайта есептеу қажет. Осыған байланысты қарызды айқындау туралы қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Мүлікке тыйым салу, көлік құралдарын ұстау және шығуға шектеу қою туралы талаптар бөлігінде сот талап қоюдан бас тартты. Сот түсіндіргендей, алимент бойынша қарыздың бар екендігі расталған, ал жеке сот орындаушысы қолданған қамтамасыз ету шаралары сот актісін орындауға бағытталған.

Түбінде сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Шешім заңды күшіне енді.