Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін сотталған Шерхан Аймаханның ісін апелляциялық тәртіппен қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, апелляциялық саты Аймаханға қатысты қылмыстық істі зерделеді. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот оны Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен (ерекше қатыгездікпен өлтіру), Қылмыстық кодекстің 115-1-бабымен (сталкинг) және Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының 1-бөлігімен (некеге тұруға мәжбүрлеу) кінәлі деп таныған. Қылмыстардың жиынтығы бойынша оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Жәбірленушінің азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды: сотталған адамнан 25 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ адвокат қызметі үшін 5 миллион теңге өндірілді. Үкіммен келіспеген жәбірленуші мен сотталған адамның адвокаттары оны апелляциялық тәртіппен шағымданды.

Жәбірленуші тарап апелляциялық шағымында моральдық зиян сомасын 25 миллион теңгеден 10 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды сұрады. Сотталған адамның қорғаушылары өз шағымдарында сот үкімін өзгертіп, Аймаханды Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының 1-бөлігімен (сталкинг) ақтауды, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен (өлтіру) кінәлі деп танып, оған әділ жаза тағайындауды сұрады.

Прокурор үкімді өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Алқа істі қарап, Аймаханның кінәлілігі туралы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісті және үкімді жоюға немесе өзгертуге негіз таппады. Осыған байланысты 2026 жылғы 24 қыркүйектегі қаулымен үкім өзгеріссіз қалдырылды. Сот актісі заңды күшіне енді.

Еске салайық, қайғылы оқиға 11 қаңтарда Шымкентте болған. Өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу айыбымен сот төрінде Шерхан Аймахан жауап берді. 13 тамызда ол өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын алды. Кейін сотталған адам апелляциялық шағым бергені белгілі болды.