Шымкентте көпқабатты үйдің подъезінде сегіз жасар қызға қол сұққаны үшін бұрын тек айыппұлмен құтылған ер адамның үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Еске салайық, маусым айында Шымкентте подъезде сегіз жасар қызға шабуыл жасады деп айыпталған 56 жастағы ер адамға қатысты сот өткен болатын. Ол қызды ашық түрде ұстап, сүйіп, өз үйіне алып кетпек болған. Алайда қыз қашып құтылып кеткен. Сонда ер адам небәрі 216 мың теңге айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан.
Кейін прокуратура үкімге шағымданды. Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, іс материалдарын тергеу сатысына қайтарды.
Телеарнаның дерегінше, айыппұл туралы шешім қоғамда кең резонанс тудырған. Міне, үш айдан кейін іс қайта қаралды. Сот шешімімен сотталушы түрмеде 7,5 жыл өткізеді.
«Жәбірленушінің пайдасына 3 млн теңге моральдық зиян өндірілді», — деп қосты Шымкент сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


