Шымкентте әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы тұрғын үй беру туралы істі қарап, тараптар сот медиациясы тәртібімен татуласты. Әйел «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша кезекке қайта қойылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Талап қоюшы 2016 жылдан бері осы санат бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған. Акционерлік қоғам жүргізген түгендеу барысында талап қоюшының жұбайының бұрын жекешелендірілген пәтерде үлесі болғаны анықталды. Осыған байланысты тұрғын үй беру рәсімі тоқтатылған.

Бірінші сатыдағы сот істің мән-жайын және ұсынылған құжаттарды жан-жақты зерттеді. Кейіннен талап қоюшының жұбайына тиесілі тұрғын үйдегі үлес толығымен иеліктен шығарылғаны белгілі болды. Сот акционерлік қоғамның әрекеттерін заңсыз деп таныды. Заңнамаға сәйкес жетім балалар тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарылмайды, ал тұрғын үй беру рәсімін «тоқтата тұру» тәртібі заңда көзделмеген. Сот шешімімен талап қою толық көлемде қанағаттандырылды.

Апелляциялық шағымды қарау барысында сот алқасы тараптарды татуластыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тараптар арасында сот медиациясы тәртібімен келісім жасалды. Оның шарттары бойынша акционерлік қоғам 10 жұмыс күні ішінде тұрғын үй беру рәсімін тоқтату туралы шешімді жоюға және талап қоюшының бұрынғы шарттармен тұрғын үй бағдарламасына одан әрі қатысу құқығын қалпына келтіруге міндеттенді.

Осылайша, азаматтың бұзылған құқығы дауды бейбіт жолмен реттеу арқылы қалпына келтірілді. Сот актісі заңды күшіне енді.