Шымкентте қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ашық отырыста 23 жыл бұрын жасалған қылмыс туралы істі қарап, ер адамды 13 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, сотталушы бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін құрылған ұйымдасқан топқа қатысқаны, сондай-ақ алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен есірткі заттарын бірнеше рет заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны немесе өткізгені үшін айыпталды — 1997 жылғы редакциядағы Қылмыстық кодекстің 235-бабының 3-бөлігі және 259-бабының 4-бөлігінің «а», «б» тармақтары бойынша.

Сот 2003 жылдың тамызында ер адам есірткі заттарын көтерме сатып алып, басқа мемлекеттерге өткізетін халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен тұрақты байланыс орнатқанын анықтады.

2003 жылдың қазан айының басында қылмыстық қауымдастықтағы өзіне жүктелген міндеттерді орындай отырып, ол топ жетекшісінен ерекше ірі мөлшердегі героинді өткізу жөнінде тапсырма алды.

2003 жылдың 20 қарашасында ол сыбайласымен бірге Шымкенттен Ақтөбе бағытына шықты.

2003 жылдың 22 қарашасында Шымкент — Самара автожолында Арал маңында сотталушы отырған көлік тоқтатылды. Көлікті тексеру барысында отын багынан ұнтақ тәрізді зат салынған 35 пакет, нақтырақ айтсақ, жалпы салмағы 34 047,41 грамм болатын ерекше ірі мөлшердегі героин тәркіленді.

Осыдан кейін сотталушы халықаралық іздеуде болды және 2024 жылы Ресейде ұсталып, 2025 жылы Қазақстанға жеткізілді.

Ер адам өз кінәсін мойындамағанымен, ол куәгерлердің айғақтарымен, аудиожазбалармен, сараптама қорытындыларымен, сондай-ақ басты сот талқылауы барысында зерттелген істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.

Сотталушы өзін ақтауды сұрады.

Сот іс бойынша сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сот сотталушыны тағылған әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған түпкілікті жаза ретінде 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енді.