Актриса Сидни Суини букмекерлік кеңсенің жарнамасына түсіп, жанжалдың ортасында қалды. Роликте ол жартылай жалаңаш күйде әртүрлі спорт түрлерімен айналысып жатқанын бейнелейді. Бұл спортшы әйелдердің қатты наразылығын тудырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Роликте Суини іс жүзінде киімсіз пайда болып, әртүрлі спорт түрлерін имитациялайды, сонымен бірге әйелдердің физикалық күші мен сұлулығын көрсетеді. Алайда спортшылар жарнама жасаушылар осылайша әйелдер спортын сексуализациялап, назарды спортшылардың жетістіктерінен гөрі денеге аударды деп есептеді.

Жарнамаға әсіресе төрт дүркін олимпиада чемпионы жүзуші Ариарне Титмус қатты қарсылық білдірді. Ол әйелдер спортын ілгерілетудің мұндай тәсілі әлдеқашан өткеннің еншісінде қалуы тиіс екенін мәлімдеді.

«Мұның мені қаншалықты ашуландырғанын сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл өз өмірін шеберлігін шыңдауға арнаған әрбір әйелге, сондай-ақ спортты ұжымдық жұмыс, достық, берілгендік және бірлік үшін жақсы көретін әрбір әйелге жасалған шапалақ», – деп жазды Титмус.

Британдық спринтер және төрт дүркін Еуропа чемпионы Эми Хант та Ultimate Championships жарысындағы өнерінен кейін Суиниге үндеу тастады. 200 метрге жүгіруде төртінші орынға келген соң ол: «Сидни Суини, спорттағы әйелдер осылай көрінеді», – деді.

Хант сондай-ақ қашықтық жеңімпазы Мелисса Джефферсон-Вуденнің нәтижесін еске салды, ол 200 метрді 21,47 секундта жүгіріп өткен. Спортшының айтуынша, мұндай нәтижелердің артында бұлшықет, ауыр еңбек, қан, тер және көз жасы тұр.

Басқа спортшылар Хант пен Титмусты қолдап, жаттығулар, жарыстар және спорттық жетістіктер туралы видеоларды «спорттағы әйел осылай көрінеді» деген сөзбен жариялады. Бұл бастамаға гимнастшылар, жүзушілер, жеңіл атлеттер және басқа да спортшылар қосылды.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle актриса Сидни Суинидің спорттық букмекерлік кеңсенің ашық жарнамасына түсіп, оның серіктесі әрі инвесторы болғанын жазған. Ол сондай-ақ науқанның креативті тұжырымдамасын әзірлеуге қатысып, түсірілімге Австралияға жеке өзі келген.