Атырау облысындағы полиэтилен өндіретін Silleno зауытының құрылыс алаңына биіктігі 101,8 метр этилен фракциялау колоннасы орнатылды. Құрылымның диаметрі 7,5 метр, салмағы 1,8 мың тоннадан асады. Бұл туралы Kazenergy қауымдастығы ҚазМұнайГазға сілтеме жасап хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Колоннаны Қазақстанда — «АтырауНефтеМаш» зауытында жасап шығарды. Ол пиролиз қондырғысының негізгі элементтерінің біріне айналып, полиэтилен өндірудің басты шикізаты — этиленді бөліп алуға пайдаланылады.

Құрылымды монтаждауға жүк көтергіштігі 4 мың тонна гусеницалы кран мен 1,7 мың тонналық қосалқы кран жұмылдырылды. Инженерлік операция шамамен бес сағатқа созылды.

Жобаны іске асырудың жалпы үлесі 30%-дық жоспармен салыстырғанда 38,5%-ға жетті. Құрылыс алаңында 5 мыңға жуық адам мен 500-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Бұған дейін Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен шығаратын зауыт салып жатқан Silleno компаниясы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,1 млрд теңге шығынға ұшырағаны белгілі болды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд теңге еді.

Құны 7,4 млрд долларлық инвестициялық жоба полиэтилен өндіруге шикізат ретінде Теңіз кен орнының газын пайдалануды көздейді.

Зауытты іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Атыраудағы кәсіпорын жобалық қуатына шығатын 2030–2031 жылдары Қазақстанда полиэтилен тұтыну қазіргі 190 мың тоннадан кемінде 260–270 мың тоннаға дейін артады.