Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Усенов ведомстводағы брифингте шетелге шығатын қазақстандықтарға бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жанболат Усенов Қазақстан азаматтарының шетелде бірнеше рет қиын жағдайға тап болғанын, оған баратын елдің заңдарын білмеу, шетелдік мемлекеттердің миграциялық, визалық, транзиттік және кедендік талаптарын сақтамау немесе білмеу себеп болғанын атап өтті.
Ең жиі кездесетін мәселелер — қазақстандықтардың болу мерзімін бұзуы, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды өткізу әрекеттері, сондай-ақ шетелдік мемлекеттердегі транзит және болу ережелерін сақтамауы.
«Шетелге шығар алдында отандастарымызды баратын елдің, сондай-ақ транзиттік мемлекеттердің заңнамасын, визалық және миграциялық талаптарын мұқият зерделеуге шақырамыз. Паспорттардың, визалардың, болуға рұқсаттардың және өзге де құжаттардың қолданылу мерзіміне ерекше назар аудару қажет. Сонымен қатар медициналық сақтандыруды рәсімдеуді, авиабилеттерді тек ресми сервистер арқылы сатып алуды, авиакомпаниялардың багаж және транзит талаптарын сақтауды, құжаттарыңызды үшінші тұлғаларға бермеуді, сондай-ақ ішіндегісін нақты білмейтін бөтен сөмкелерді, сәлемдемелерді және өзге де жіберілімдерді тасымалдауға алмауды ұсынамыз», — деді ҚР СІМ өкілі.
Шетелге жұмысқа, оқуға немесе емделуге шығатын азаматтарға барлық қажетті құжаттарды, шақыртуларды, еңбек келісімшарттарын және рұқсаттарды рәсімдеудің заңдылығын алдын ала тексеру ұсынылды.
«Жаппай сапарларды ұйымдастырушылармен келісімдерді тексеру, сондай-ақ төтенше жағдайларға арналған іс-қимылдарды жоспарлау өте маңызды. Мысал ретінде жақында АҚШ-та 200-ге жуық қазақстандық студент баспанасыз қалған резонанстық жағдайды атап өтуге болады», — деп қосты Усенов.
Сонымен қатар Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері азаматтарға өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсететіні атап өтілді. Алайда баратын елдің заңнамасын сақтау және белгіленген талаптарды орындау жауапкершілігі тікелей азаматтың өзінде.


