Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған Оңтүстік Корея аумағындағы жаппай төбелеске қазақстандықтардың қатысуы мүмкін деген хабарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяның Пхентхэк қаласының полициясы 3 қазан күні кешке болған жаппай төбелестің мән-жайын тергеп жатыр. Қақтығыс балабақша мен бастауыш мектептің қасындағы тұрғын ауданда орын алған. Құқық қорғау органдарының дерегінше, жанжалға Орталық Азия елдерінен келген адамдар тобы қатысқан.

Оқиға орнында 20 жас шамасындағы екі ер адам ұсталды, қалған қатысушыларды іздестіру жүріп жатыр. Оңтүстік Корея полициясының ақпараты бойынша, оқиға орнынан ағаш таяқтар мен бейсбол биталары табылған. The Korea Times басылымы бейнебақылау камераларының жазбалары оқиғаға шамамен 15 адамның қатысқанын көрсететінін, ал куәгерлер төбелеске 40-қа жуық адам қатысқанын айтқанын нақтылайды.

Оқиға Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының топтары арасындағы жанжалдан туындаған болуы мүмкін деп болжанып отыр. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.

NUR.KZ тілшісі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне түсініктеме сұрап хабарласты.

«Алдын ала ақпарат бойынша, Пхентхэктегі жаппай төбелеске қатысқан, қазір анықталып, ұсталған адамдардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ», — деп сендірді ведомствода.