Сингапур билігі туу деңгейін арттырудың ерекше жолын тапты: елде жұп іздеуге арналған мемлекеттік сервис жұмысын бастады. Оны халық «мемлекеттік Tinder» деп атап үлгерді. FirstDate деп аталған сервисті мемлекеттік технологиялық GovTech Singapore компаниясы әзірлеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазір платформа сынақ режимінде жұмыс істеп тұр — оған 21 мен 35 жас аралығындағы мемлекеттік қызметшілер қол жеткізе алады. Тіркелу Singpass жүйесі арқылы жүзеге асады, ол қазақстандық Egov-тың баламасы. Қатысушылар өздерінің қызығушылықтары, әдеттері, құндылықтары және қарым-қатынастағы қалаулары туралы сауалнама толтырады.

Әдеттегі танысу қосымшаларынан өзгеше, мұнда миллиондаған сауалнаманы шексіз свайптау жоқ. Пайдаланушылардың қалауын ескеретін алгоритм бір әлеуетті серіктесті таңдайды. Сәйкестік табылған соң екі қатысушы да SMS алып, танысуды жалғастырғысы келе ме, жоқ па — шешуге 72 сағат уақыт алады.

Economic Times жазуынша, мемлекет шығынның бір бөлігін тіпті өтеуі мүмкін. FirstDate-те Date Quest атты арнайы функция қарастырылған: жұптарға бірлескен тапсырма орындау ұсынылады, мысалы, бұрын жеп көрмеген тағамын дәмін тату. Осы үшін қатысушылар үшінші тарап серіктесінің ваучерін ала алады.

«Алайда оның мөлшері мен саны акция шарттарымен шектелген, сондықтан сервис толық тегін кешкі асқа кепілдік бермейді», — деп атап өтті басылым.

GovTech сондай-ақ пайдаланушылардың деректері монетизацияланбайтынын және үшінші тараптарға берілмейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle туудың рекордтық төмендеуіне байланысты ел билігі ата-аналарға мемлекеттік көмекті ұлғайтқанын жазған. 17 жасқа дейінгі әр балаға мемлекет шамамен 70 мың сингапур долларын (шамамен 25,4 млн теңге) бөлуді жоспарлап отыр.