Сингапурдың Жоғарғы соты үнділік логистикалық компанияның бас директоры Чандер Агарвалдың бұрынғы сүйікті қызынан сыйлықтары үшін 370 мың доллар өндіріп алу туралы арызын қанағаттандырмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Чандер Агарвал Фелисия Лимен 2022–2023 жылдары араласқан. Ол кезде әйел ұшақта стюардесса болып жұмыс істеп, жолдасынан әлдеқайда аз табыс тапқан. Махаббат кезеңінде ер адам оған Hermes, Dior және Prada маркалы заттар сыйлап, ұшақтың бірінші класс билеттерін сатып алып берген.
Қымбат сыйлықтардан бөлек, үнділік кәсіпкер қыздың пәтерін «үйлесімге келтіру» үшін фэн-шуй маманының қызметіне мыңдаған доллар жұмсаған. Сонымен қатар ол оның жеке шығындарын, сақтандыруын және университеттегі оқу ақысын төлеп отырған.
Айырылысқаннан кейін Агарвал осы шығындардың барлығын қарыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінді. Сыйлықтар мен жұмсалған қаражаттың жалпы құнын ол 370 мың доллар деп бағалады, деп хабарлайды CNN.
Алайда Сингапурдың Жоғарғы соты арызды қабылдамады. Судья Чандер мен Фелисияның мессенджерлерде белсенді хат жазысқанын, бірақ онда әйелдің заттар мен ақшаны қарызға алғанын дәлелдейтін дерек жоқ екенін атап өтті.


