Үндістаннан шыққан Анурадха мен Викас Синха ерлі-зайыптылары Солтүстік Техас университетіне (UNT) 20 миллион доллар берді. Бұл қаражатқа оқу орнының құрамында олардың есімімен аталатын жаңа колледж ашылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NDTV жазуынша, бұл ірі қайырымдылық Анурадха мен Викас Синха атындағы Жасанды интеллект және озық аналитика колледжін ашуға бағытталған.
Жаңа колледж жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректер ғылымы, медициналық информатика және білім беру технологиялары салаларындағы бағдарламаларды біріктіретін ірі академиялық әрі зерттеу орталығына айналады.
Бөлінген қаржы алты тұрақты мақсатты қор құруға жұмсалады. Олар студенттерге стипендия, профессорлық қызметтер, ғылыми-зерттеу жобалары, кәсіпкерлікті қолдау және озық технологияларды дамытуға қаржы бөліп отырады.
2023 жылы Солтүстік Техас университетінде докторлық диссертациясын қорғаған Викас Синха жасанды интеллект қазіргі заманның айқындаушы технологияларының бірі екенін, ал университеттер болашақ мамандарды даярлауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Ол сондай-ақ бұл қадам отбасының жаңа буын студенттерді қолдауға және АҚШ-тағы ғылым мен білімнің дамуына иммигранттардың қосқан үлесін көрсетуге деген ұмтылысын білдіретінін айтты.
Бұған дейін ерлі-зайыптылар осы университетке қаржылай көмек көрсеткен. Соның арқасында 2024 жылы оқу орнында Деректер ғылымы департаменті ашылған.


