Дамаск соты Сирияның бұрынғы президентінің немере ағасы Уәсім Асадты адамзатқа қарсы қылмыс және соғыс қылмысы деп танылған қасақана кісі өлтіру мен азаптаулар үшін кінәлі деп танып, өлім жазасына кесті, деп хабарлайды infohub.kz.

РИА Новости Сирияның мемлекеттік SANA агенттігіне сілтеме жасап, сот Уәсім Асадты бірнеше адамды қасақана өлтірді және азаптауға байланысты қылмыстар жасады деп тапқанын хабарлайды. Судья Фахр ад-Дин әл-Арьян үкімді жариялады: «Сот айыпталушы Уәсім Асадты бірнеше адамды қасақана өлтіруде, сондай-ақ азаптауға байланысты қылмыстарда кінәлі деп таныды, бұл қылмыстар адамзатқа қарсы қылмыс және соғыс қылмысы ретінде сараланды. Сот айыпталушы Уәсім Асадқа өлім жазасын тағайындау туралы шешім қабылдады».

Сонымен қатар, сот сотталғанның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім шығарды.

Уәсім Асадқа қатысты процесс Дамаск қылмыстық сотының төртінші инстанциясында өтті. Сирия билігі оны 2025 жылдың маусымында Сирия-Ливан шекарасында ұстаған болатын. Бұған дейін Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың сырттай өлім жазасына кесілгені хабарланған еді.

Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсан айының басында Сирия астанасы көтерілісшілердің қолына өткен болатын. Олар шабуылды бастағаннан кейін екі аптадан аз уақыт ішінде бірнеше ірі қалаларды бақылауға алды. Осыдан кейін Сирия президенті Башар Асад президенттік лауазымын тастап, елден кетіп, билікті бейбіт жолмен беруді тапсырған еді.

Асад отбасымен бірге Мәскеуге келді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің Башар Асадқа баспана беру туралы шешімді жеке өзі қабылдағанын мәлімдеді. Сәуір айының соңында Ресей Сирияның жаңа үкіметінің құлатылған президентті экстрадициялау туралы өтінішін қабылдамағаны хабарланған.