Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасының күрт өсуін күтпейді. Қазіргі таңда еліміз бойынша бұл еттің орташа бағасы шамамен 3,8 мың теңге, ал Астанада кейбір базарларда баға 4,5 мың теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Брифингте журналистер ет бағасының қымбаттауына назар аударып, жақын арада баға қалай өзгеретінін сұрады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, ведомство базарлардағы өнім бағасын күн сайын бақылап отырады.
«Ет бағасына келетін болсақ, бүгінгі статистикалық деректер бойынша республика бойынша сиыр етінің бір келісінің орташа бағасы — 3 800 теңге. Астанада да 3 800-ден 4 000-ға дейін, одан жоғары да бар. Базарларда да күн сайын мониторинг жүргізіп отырмыз, мысалы, Шапағатта ет 3 500 теңге тұрса, Артемде шамамен 4,5 мың теңге», — деді вице-министр Назгүл Хатепова.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде бағаның күрт өсуіне ешқандай негіз жоқ деп санайды. Вице-министр мұны өз өндірісінің көлемімен және мал басының өсуімен түсіндірді.
«Сонымен қатар, күрт өсуге ешқандай негіз көріп отырған жоқпыз. Яғни ішкі нарық толығымен өз өндірісіміздің есебінен қамтамасыз етілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 434 мың тонна сиыр етін өндірдік. Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша да өндіріс көлемінің өсуін көріп отырмыз, мал басы да өсіп келеді. Сондықтан сиыр еті бағасының күрт өсуіне ешқандай негіз жоқ», — деп қосты Хатепова.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда ет бағасы 28,6%-ға өскенін жазған болатын.


