Қазақстан сирек және сирек жер металдары өндірісіне инвестицияны арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Мәжілістегі үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

— Сирек және сирек жер металдары саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Ол инвестиция мен өндіріс көлемін 40%-ке арттыруды көздейді. Мемлекеттің сыртқы экономикалық байланысы шешуші рөл атқарады. Министрлік Еуропалық Одақпен, АҚШ-пен және Ұлыбританиямен ынтымақтастықты нығайтты, — деді Қ. Шарлапаев.

Нақты нәтижелер ретінде министр литий кен орындарын бірлесіп игеру (неміс HMS Bergbau компаниясымен, $500 млн), қайталама шикізатты өңдеу (британдық Maritime House Ltd компаниясымен) және сирек жер, сыни металдар (американдық Cove Capital LLC компаниясымен) бойынша жасалған келісімдерді атап өтті.

— Саланы дамыту тұжырымдамасында біз минералдық базаны ұлғайту, заманауи технологияларды тарту, қолданыстағы өндірісті кеңейту мақсатын қоямыз. Ең бастысы — Қазақстанның жаһандық құн тізбегінің ортаңғы буынындағы рөлін нығайту, — деп қосты Қ. Шарлапаев.