Семей гарнизонының әскери соты тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, әскери қызметшіге ақшалай өтемақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz.
ҚР Әскери сотының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Семей гарнизонының әскери соты әскери қызметшінің тұрғын үй комиссиясы хаттамасын заңсыз деп тану және оны жою, сондай-ақ ақшалай өтемақы төлеуді міндеттеу туралы талап арызы бойынша әкімшілік істі қарады.
Сот анықтағандай, ер адам 1996 жылдың шілдесінен 1997 жылдың қарашасына дейін Талдықорған гарнизоны бойынша Мемлекеттік тергеу комитетінің әскери-тергеу бөлімінде, 1997 жылдың қарашасынан 1999 жылдың шілдесіне дейін ҚР ІІМ-нің әскери-тергеу органдарында әскери қызмет өткерген. 2026 жылдың сәуірінде ол ақшалай өтемақы төлеу туралы рапортпен жүгінген.
Тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен талапкерге ақшалай өтемақы төлеуден бас тартылды, себебі Мемлекеттік тергеу комитетіндегі және ҚР ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшелеріндегі қызмет құқық қорғау қызметі болып табылады және ҚР Қарулы Күштеріне жатпайды.
ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 1-бабы 20-тармағына сәйкес әскери қызметшілер — Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметте тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары.
ҚР «Қорғаныс және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері туралы» Заңының 1-бабы 15-тармақшасына сәйкес басқа әскерлер мен әскери құралымдар — Шекара қызметі, Авиациялық қызмет, Шекара академиясы, ҚР ҰҚК-нің әскери контрбарлау және әскери полиция органдары және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалатын ұлттық қауіпсіздік органдарының өзге де бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің арнайы мақсаттағы күштері, ҚР Ұлттық ұланы, ҚР ІІМ-нің әскери-тергеу органдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның азаматтық қорғаныс басқару органдары мен әскери бөлімдері, әскери прокуратура органдары.
Заңның осы нормасының мағынасынан ҚР ІІМ-нің әскери-тергеу органдары басқа әскерлер мен әскери құралымдарға жататыны көрінеді. Сот әскери қызметшінің талап арызын қанағаттандырып, тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, жауапкерді талапкерге ақшалай өтемақы төлеуге міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.


