Солтүстік Қазақстан облысында шаруа қожалығының басқарушысы мен жетекшісі арасындағы жеке жанжалдан туындаған астық қоймаларын қасақана өртеу ісіне кассациялық сот нүкте қойды. Өрттен келген шығын 495 миллион теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Кассациялық соттардың өзекті жаңалықтары» Telegram-арнасының мәліметінше, шаруа қожалығының басқарушысы 2023 жылдың мамырында жетекшісіне деген жеке өшпенділігінен басқа адаммен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы астық қоймаларын өртеуді ұйымдастырған. Өрт мүлікті жойып, шаруа қожалығына 495 миллион теңге шығын келтірілді.
Бірінші сатыдағы сот ер адамды өртеу арқылы бөтен мүлікті қасақана жою және бүлдіру, ерекше ірі шығын келтіру (Қылмыстық кодекстің 202-бабының 3-бөлігі, 2-тармағы) бойынша кінәлі деп танып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сондай-ақ материалдық шығынды өндіруге шешім қабылдады. Апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Сотталған адамның адвокаты қорғалушысының кінәсінің дәлелденбегенін алға тартып, үкім мен апелляциялық қаулыны жоюды сұрап, кассациялық шағым берді.
Алайда кассациялық сот басқарушының өрт қоюды ұйымдастырудағы кінәсі зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен расталады деген тұжырымға келді. Олардың қатарында төтенше жағдайлар органдарының материалдары, оқиға орнын тексеру хаттамалары, өрттің болғанын анықтаған өрт-техникалық зерттеулердің қорытындылары, кінәлі адамдардың телефон байланыстары туралы деректер, сондай-ақ жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптары бар. Келтірілген шығынның мөлшері сот құрылыс-экономикалық сараптамасымен расталды.
Сот тағайындалған жазаны жасалған қылмыстың ауырлығына және заң талаптарына сәйкес деп тапты. Осыны ескере отырып, қабылданған сот актілерін жоюға немесе өзгертуге негіз табылмады.


