Солтүстік Қазақстан облысында әйел техникалық училище дипломының өзіне тиесілі екенін сотта дәлелдеп, оқу кезеңін еңбек өтіліне қосуға және зейнетақы төлемдерін қайта есептеуге қол жеткізді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Есіл аудандық соты әйелдің Петропавлдағы № 23 техникалық училищені бітіргені туралы дипломның өзіне тиесілі екенін анықтау жөніндегі өтініші бойынша азаматтық істі қарады.

Сотқа жүгінуге өтініш берушінің сауалнама деректері мен дипломда көрсетілген мәліметтер арасындағы айырмашылық себеп болды. Осыған байланысты уәкілетті орган еңбек өтілін есептеу кезінде оның техникалық училищеде оқыған кезеңін ескермеген, бұл зейнетақы төлемдерін тағайындауға әсер етті. Өтініш беруші дипломның өзіне тиесілі екенін анықтауды сұрады, өйткені бұл құжат оқу кезеңін растау және оны еңбек өтіліне қосу үшін қажет.

Сот талқылауы барысында архив құжаттарына сәйкес өтініш берушінің тұрмысқа шыққанға дейін басқа тегі болғаны және 1982 жылғы 1 қыркүйекте Петропавлдағы № 23 техникалық училищеге қабылданғаны анықталды. 1983 жылғы 20 шілдеде ол толық оқу курсын бітіріп, біліктілік емтихандарын тапсырғанына байланысты оқудан шығарылды. Оған «азық-түлік тауарларын сатушы» біліктілігі беріліп, диплом табыс етілді.

Сонымен қатар архив құжаттары мен дипломда өтініш берушінің тегі, аты және әкесінің аты жазылуында айырмашылықтар болды. Оқу фактісін сот отырысында жауап алынған, көрсетілген оқу орнында өтініш берушімен бірге оқыған куәгерлер де растады. Олардың тегі мен аты 1983 жылғы 20 шілдедегі оқудан шығару туралы бұйрықта да көрсетілген.

Сот ұсынылған жазбаша дәлелдемелер мен куәгерлердің жауаптарын жиынтықта бағалай отырып, даулы диплом өтініш берушіге тиесілі, ал сауалнама деректеріндегі анықталған айырмашылықтар оның оқуы мен тиісті біліктілікті алу фактісін жоққа шығармайды деген қорытындыға келді.

Сот бұл заңды фактіні анықтау өтініш берушіге оқу кезеңін растау, оны еңбек өтіліне қосу және кейіннен зейнетақы төлемдерін қайта есептеу үшін қажет екенін, ал тиісті құжатты соттан тыс тәртіппен алуға немесе қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ екенін ескерді.

Істі қарау нәтижесінде өтініш қанағаттандырылды. Сот 1983 жылғы 20 шілдеде берілген Петропавлдағы № 23 техникалық училищені бітіргені туралы дипломның өтініш берушіге тиесілі екенін анықтады. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.