Солтүстік Қазақстан облысында болған ірі жол-көлік оқиғасында үш адам қаза тапты: қаза болғандардың қатарында балабақша директоры мен екі тәрбиеші бар, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қайғылы оқиға 15 қазанда сағат 08:00 шамасында республикалық маңызы бар Петропавл — Көкшетау автожолында, Кременчуг ауылының маңында болды. Онда бес көлік соқтығысты: үш жеңіл автомобиль және екі «КамАЗ» жүк көлігі.

Алған жарақаттарынан Audi жеңіл автомобилінің үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Сол көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілуде. Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шекпеді.

Көлік құралдарын басқарған адамдардың жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсыздықтан екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыруы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау үшін сараптамалар тағайындалды.

Облыстық білім басқармасы Halyqstan Telegram-арнасына нақтылағандай, қаза болғандар — балабақша директоры мен екі тәрбиеші. Ведомство қаза тапқан әріптестерінің туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, сапардың жеке сипатта болғанын және әйелдердің қызметтік міндеттерін атқаруына еш қатысы жоқтығын атап өтті.