Қазақстанда профилактикалық тексерулер туралы SMS-еске салғыштар мен жасалған екпелер жөнінде хабарламалар енгізіліп, медициналық қызметтерді цифрлық тексеру кеңейтілуде. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
19 қазаннан бастап Ақмола облысының, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындары скринингтен өту қажеттігі туралы SMS-еске салғыштар ала бастайды. Хабарламалар 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы келеді.
«Жүйе профилактикалық тексеруден өту уақыты келген азаматтарды алты бағыт бойынша автоматты түрде анықтайды. Олар жүрек-қан тамырлары және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қан айналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауды қамтиды. Хабарлама алған азамат тіркелген емханасына барып, тексеруден өте алады», — делінген хабарламада.
Ағымдағы жылдың 26 қазанынан бастап бүкіл елде жасалған вакцинация туралы SMS-хабарламаларды іске қосу жоспарланып отыр. Медициналық жүйеде екпе тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинация түрі мен күні көрсетілген хабарлама келеді.
Егер мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, азамат бұл туралы 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберіп мәлімдей алады. Ақпарат тексеру үшін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің көрсетілгенін растауға мүмкіндік беретін пациенттерді цифрлық сәйкестендіруді кеңейтуде.
«Ағымдағы жылдың 7 қазанындағы жағдай бойынша тіркелген 135,9 млн қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіруден өтті. Бүгінде тетік медициналық қызметтердің 1 278 түрін қамтиды. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап тізімді консультациялар, диагностикалық зерттеулер және медициналық процедуралардың тағы 736 түрімен кеңейту жоспарлануда. Цифрлық сервистерді енгізу профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға, медициналық деректердің дұрыстығына және денсаулық сақтауды қаржыландырудың ашықтығына бағытталған», — деп қосты ведомство.


