Смартфонда лентаны үздіксіз парақтау жас адамдардың есте сақтау қабілеті мен зейінін әлсіретіп, дене қалпын бұзып, тепе-теңдік сезімін нашарлатуы мүмкін. Бұдай қорытындыға Земмельвайс атындағы Будапешт университетінің ғалымдары 18 бен 35 жас аралығындағы студенттердің әдеттерін зерттей келе келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зерттеу көрсеткендей, тәуелділіктің қалыптасуында негізгі рөлді жоғары үрей немесе депрессияға бейімділік емес, өзін-өзі бақылаудың әлсіздігі және қызықты оқиғаларды жіберіп алу қорқынышы атқарады. Қатысушылардың шамамен үштен бірі күніне төрт-бес сағатын телефонда өткізіп, көбінесе контентті пассивті түрде тұтынған.
Гаджетті бұлай пайдалану когнитивтік функцияларға ауыр жүктеме түсіреді. Қысқа бейнелер мен посттардың үздіксіз ағыны миды шаршатып, скроллинг әуесқойлары есте сақтау мен зейін тесттерін өз жасына қарағанда нашар орындаған. Сонымен қатар олар ұйқы мәселелері мен импульсивті мінез-құлыққа жиі шағымданған.
Көз деңгейінен төмен орналасқан экранға ұзақ қарау физикалық салдарға да әкелді. Бастың үнемі еңкейуінен мойында қатты кернеу пайда болып, ол біртіндеп миға дене қалпы туралы ақпарат жеткізетін рецепторлардың жұмысын өзгертеді. Нәтижесінде смартфонды белсенді пайдаланушыларда күнделікті өмірде қозғалыс үйлесімі мен тепе-теңдікке қатысты мәселелер туындауы мүмкін.
Алайда зерттеушілер телефоннан мүлдем бас тартудың қажеті жоқ екенін атап өтеді. Тәуекелдерді азайту үшін сарапшылар артық хабарламаларды өшіруді, әлеуметтік желілердегі уақытты шектеуді, ұйықтар алдында гаджеттерді пайдаланбауды және дене қалпын қадағалауды ұсынады.


