Рэпер Снуп Догг туралы «Снуп» атты өмірбаяндық фильм 2027 жылы 6 тамызда әлемдік прокатқа шығады, деп хабарлайды infohub.kz.
Deadline дерегінше, фильм «R» (ересектерге арналған) рейтингіне ие болады. Бұл Universal студиясы мен әншінің өзіне тиесілі Death Row Pictures компаниясының алғашқы бірлескен жобасы. Режиссер – «Тарзан. Аңыз», «Кэти Перри: Менің бір бөлігім» және «Мелодия их мечты» фильмдерімен танымал Крэйг Брюэр. Сценарийді Джо Роберт Коул жазған. Жас Снуп Доггты «Сыртқы жағалаулар» сериалынан белгілі Джонатан Дэвисс сомдайды. Продюсерлер тобына Снуп Доггтың өзі, Death Row Pictures басшысы Сара Рамакер және бұрын Эминем туралы «Сегізінші миля» фильмінің продюсері болған Брайан Грейзер кірген.
Сюжет 1990-жылдардың басынан бастап, оның Dr. Dre-мен жұмыс істеп, алғашқы хиттерін жазған кезеңін қамтиды. Фильм қарапайым жігіттің гангста-рэп иконасына, табысты бизнесменге және әлемдік медиамагнатқа айналуын баяндайды. Таспада рэпердің ең танымал тректері, соның ішінде Drop It Like It’s Hot, Gin and Juice, What’s My Name және Nuthin’ but a ‘G’ Thang шырқалады. Түсірілім 2026 жылдың жазында басталады деп жоспарлануда.
Қазақстандық көрермен Снуп Доггтың «КешYOU» тобымен бірлескен жұмысын есіне алады. 2024 жылдың жазында олар Forever Sunday трегіне бірлескен клип түсіріп, онда рэпер қазақ шапанын киген. Продюсер Баян Алағұзованың қатты насихаттауына қарамастан, бейнежазба әлеуметтік желілерде салқын қабылданды. Көптеген тыңдарман әннің үмітті ақтамағанын және үлкен хитке айналмай тез ұмытылғанын айтты. Дегенмен әлемдік деңгейдегі әртіс қатысқан жоба назар аударарлық оқиға болды.
Бұған дейін Снуп Доггтың немере ағасы американдық рэпер RBX Spotify-ға қарсы сот ісінде жеңілгені хабарланған еді. Ол стримингтік сервисті тыңдалымдарды жасанды көбейтумен күреспеді, соның салдарынан басқа орындаушылар табыстарының бір бөлігін жоғалтты деп айыптаған.


