Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина АҚШ-та өткен Халықаралық коньки тебушілер одағы (ISU) Гран-приінің кезеңінде қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша үздік ондыққа кіре алмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

19 жастағы спортшы қос айналмалы аксель мен үш айналмалы флипті таза орындады, алайда кейін үш айналмалы лутцте қате жіберіп, каскадсыз қалды. 61,03 ұпаймен ол соңғылардың алдындағы, 11-орынға тұрақтады.

Аралық есепте бірінші орынды 2026 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері жапондық Ами Накаи бастап тұр — ол таза үш айналмалы аксельді орындап, 82,20 ұпай жинады.

Екінші орынды ресейлік Александра Игнатова (Трусова) иеленді. 2022 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп, 74,24 ұпай алды. Үздік үштікті үш айналмалы аксельді орындаған Оңтүстік Корея өкілі Ким Юджэ 73,92 ұпаймен түйіндеді.

Еркін бағдарламадағы ең мықты разминкаға ресейлік Аделия Петросян (71,47), жапондық Рино Мацуике (70,30) және канадалық Сара-Мод Дюпюи (68,95) де кірді.

Жекелей сырғанаушылар жарысы 16 қарашаға қараған түні аяқталады. Еркін бағдарлама Қазақстан уақытымен 02:05-те басталады.

Самоделкина үшін Эверетттегі кезең ағымдағы Гран-при сериясындағы екіншісі болды. Канаданың Келоуна қаласындағы жарыста фигурист бесінші орын алған еді.