Солтүстік Қазақстан облысында болған ауыр жол апатынан сегіз адам, оның ішінде балалар зардап шекті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жол апатының салдары әлеуметтік желілерде жарияланды. Кадрларда зардап шеккен жүргізушінің көліктен бірнеше метр қашықтықта жатқаны, қозғалтқыштың ондаған метрге ұшып кеткені, ал автокөліктердің темір үйіндісіне айналғаны көрінеді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, көліктің бірінде алты бала болған. Олардың барлығы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің жағдайы туралы кейінірек хабарлайтынын айтты.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің нақтылауынша, Mazda және Toyota Estima көліктерінің қатысуымен болған жол апаты Петропавл – Көкшетау тас жолының Аққайың ауданындағы Астраханка ауылы маңында орын алған.
«Апат салдарынан Mazda көлігінің жүргізушісі мен Toyota Estima салонында болған жеті адам медициналық мекемелерге жеткізілді. Жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», — деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтау, жол және ауа райы жағдайларын ескеру, қарсы жолаққа шығуға жол бермеу және рөлде өте мұқият болу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар облыс тұрғындары апаттың қайтадан жеке тасымалдаушының қатысуымен болғанын талқылап жатыр. Солтүстікқазақстандықтар қосымшалар арқылы қалааралық жеке тасымалдаудың қауіпсіздігі мәселесін бірнеше рет көтерген. Олардың пікірінше, такси жүргізушілері табыс табу үшін күніне бірнеше рейс жасайды, жылдамдықты айтарлықтай арттырады және телефонға алаңдайды.
Соңғы жылдары өңірде мұндай тасымалдаушылардың қатысуымен бірнеше жол апаты тіркелді. 2026 жылғы сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кінәсінен апатта Германия азаматтарының отбасы – жас әйел, оның әкесі мен күйеуі қаза тапқан жүргізушіге үкім шығарды. 29 жастағы ер адам жалға алынған көлікте мобильді қосымша арқылы жеке таксимен айналысқан. Сот оған бес жыл бас бостандығынан айыру және жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындады, жазаны минималды қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге белгіледі.


