Солтүстік Қазақстан облысында сот әйелдің диагнозына байланысты айырылған көлік жүргізу құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Солтүстік Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Есіл аудандық соты әйелдің полиция департаментіне көлік жүргізу құқығын қалпына келтіру туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады. Бұған дейін сот шешімімен талапкердің көлік жүргізу құқығы медициналық қарсы көрсеткіштер болуына байланысты тоқтатылған еді.

Сот отырысы барысында анықталғандай, аталған шешім шығарылғаннан кейін талапкер қажетті медициналық тексеруден өтіп, сауығып кетуіне байланысты диспансерлік есептен шығарылған және медициналық қорытынды бойынша көлік жүргізуге жіберілген.

ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңының 75-бабы 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, көлік жүргізу құқығы оны тоқтатуға негіз болған себеп жойылған кезде сот шешімі бойынша қалпына келтіріледі. Көлік жүргізуге кедергі келтірген мән-жайлардың жойылғанын, жауапкер мен үшінші тұлғаның талапты қанағаттандыруға қарсы болмағанын ескере отырып, сот талаптардың негізділігі туралы қорытындыға келді.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Талапкердің көлік жүргізу құқығы қалпына келтірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.