Солтүстік Кипрдегі супермаркеттердің бірінде Қазақстан азаматшасына пышақ жарақаты келтірілгені туралы ақпарат желіде тарады. Бұл жағдайға қатысты республика Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz.

«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, 22 жастағы қазақстандық әйел Никосия қаласындағы Metropol Market супермаркетінде пышақ жарақатын алған. Қыздың жағдайы өте ауыр екені айтылады.

Жарияланымда кипр-түрік БАҚ-тары таратқан жергілікті полиция ақпараты да келтірілген. 3 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:45 шамасында белгісіз біреу қызға белгісіз себеппен пышақпен шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан екеуі де ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында жатыр.

NUR.KZ тілшісі Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады. Ведомствоның баспасөз қызметінде: «Министрлік Солтүстік Кипрде азаматшамызға қатысты болған оқиға туралы хабардар. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар болған оқиғаның мән-жайын анықтап, жергілікті құзырлы органдармен байланыста. Ресми ақпарат түскеннен кейін қосымша мәлімет берілетін болады», — деп мәлімдеді.

Бұл мәселе ҚР СІМ бақылауында.