Оңтүстік Корея соты әскери борыштан жалтарды деп айыпталған k-pop Winner тобының 33 жастағы мүшесі Сон Мин Хоға үкім шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ел заңнамасы бойынша әнші 18 ай әскери борышын өтеуі тиіс еді. Оның орнына ол баламалы қызметті таңдап, 21 ай бойы Сеулдегі қоғамдық орталықта әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеуге міндеттелді. Қызмет 2023–2024 жылдары аралығында өтті, деп жазады BBC.
Тергеу 2024 жылы Сон Мин Хоның жұмыс орнында жиі болмауы туралы оңтүстіккореялық БАҚ хабарлағаннан кейін басталды. Сот оның қоғамдық орталыққа кемінде 102 рет келмегенін, сондай-ақ бірнеше рет еңбекке жарамсыздық парағын алғанын анықтады.
Сот алдында әншімен бірге орталықтағы оның тікелей жетекшісі де жауап берді. Ол Сон Мин Хоның жұмыста болғанын растайтын құжаттарды қолдан жасаған. Екеуі де шартты мерзімге сотталды. Әншінің жазасы екі жылға кейінге қалдырылды: егер осы уақыт ішінде ол басқа қылмыс жасамаса, соттылықтан құтыла алады.
Бұл — танымал оңтүстіккореялық әншілердің сотқа тартылуының алғашқы оқиғасы емес. Оңтүстік Кореяның қарқынды дамып келе жатқан ойын-сауық индустриясында бір жылдық үзіліс әнші үшін мансаптың аяқталуына әкелуі мүмкін. Әнші Psy әскерде екі рет қызмет етті, өйткені бірінші ретінде қызмет орнына өнер көрсетуді жалғастырған. Стив Ю әскерден мүлдем жалтарған, билік оған елге кіруге тыйым салды. Сон Мин Хо екінші рет қызмет ете ме, әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Winner тобы 2013 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Оның құрамында төрт адам бар: Ким Джинъу, Ли Сын Хун, Кан Сын Юн және Сон Мин Хо. Бойз-бенд АҚШ пен Латын Америкасы елдеріне гастрольдік сапармен барған және Melon Music Awards сияқты көптеген музыкалық марапаттарға ие.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle k-pop SHINee тобының мүшесі Тэминнің Қазақстанда алғаш рет өнер көрсететінін жазған болатын.


