Алматы облысы Алатау қаласының прокуратурасы сот арқылы қалалық қоқыс полигонын коммуналдық меншікке қайтаруға қол жеткізді. Бұған дейін полигон Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевтың компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген еді. Бұл туралы бас прокуратура хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

«Алатау қаласының прокуратурасы ұсынымы бойынша сотқа 34 га қоқыс полигонын «ADC TAZA ALEM» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартын жарамсыз деп тану туралы талап қойылды. Аталған ЖШС іс жүзінде Іле ауданының бұрынғы әкімі Қарасаев Б.-ға тиесілі болғаны анықталды. Ол 2025 жылғы 27 қарашадағы сот үкімімен сыбайлас жемқорлық қылмысы және заңсыз кәсіпкерлік үшін сотталған… Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап толық көлемде қанағаттандырылды», — делінген жарияланған хабарламада.

Шарт бойынша басқарушы компания инвестиция тартуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға, кірістің бір бөлігін жергілікті бюджетке аударуға және жою қорын құруға міндеттелген. Алайда бұл міндеттемелер орындалмады. Іс жүзінде компанияның қызметі қалдықтарды жинаумен ғана шектелді.

Полигонды тиісті деңгейде басқармау ауыр экологиялық салдарға әкеп соқты. 2021–2025 жылдары полигон аумағында алты өрт тіркелді. Ең ауқымды өрт 2025 жылдың қыркүйегінде болып, бірнеше күнде 30 га аумақты от шарпыды. Өрт түтіні Алматы қаласын және өзге де аумақтарды тұмшалады.

2025 жылдың қыркүйегінде ТЖМ осы ҚТҚ полигонына жауапты компания сол кезде экологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы жіберілген бұзушылықтар үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеген.

Мақала жазылған сәтте Іле ауданының Боролдай ауылында тіркелген ADC TAZA ALEM компаниясының жалғыз иесі ретінде Болатжан Дүйсебай көрсетілген. Ол 2024 жылдың 12 қыркүйегінен бастап компанияның құрылтайшысы — бұған дейін құрылтайшылар қатарында Ернат Әзімбеков, Төлеужан Мұқанов, Талғат Адамов, Ерлан Дүйсебаев және Болатжан Дүйсебайдың өзі болған.

ADC TAZA ALEM 2026 жылы ешқандай салық төлемеген, 2025 жылы төлемдер 2,4 млн теңге, 2024 жылы — 10,6 млн теңге, 2023 жылы — 9,4 млн теңгені құраған.

Бағдат Қарасаев 2018–2024 жылдары Алматы облысы Іле ауданының әкімі болған. 2024 жылдың қыркүйегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері оны жемқорлыққа күдікпен ұстаған. 2025 жылы Бағдат Қарасаев ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 3-тармағымен (мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның өз қызмет бабын асыра пайдалануы) және 364-бабының 3-бөлігімен (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) сотталып, үш жыл үш айға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік органдарда лауазым атқаруға өмір бойы тыйым салынды.