Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сапасыз өнім үшін қасбет плиталарын жеткізушіні құрылыс салушыға 43,5 млн теңге шығын төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жоғарғы соттың ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, бұл шешімнің заңдылығын апелляциялық саты да растады.

Қасбет плиталары Алматы облысындағы тұрғын үй кешенінің құрылысына жеткізілген. Ақаулар анықталған соң жеткізуші сапасыз плиталарды ауыстырды. Алайда қайта орнатқаннан кейін панельдер қайтадан бұзыла бастады. 2,8 мың шаршы метрден астам аумақта көптеген жарықтар табылды.

Зертханалық зерттеулер плиталардың беріктігі мен тығыздығы белгіленген талаптарға сай еместігін растады.

Құрылыс салушы ақаулы плиталарды өз есебінен бұзып, ауыстыруға, сондай-ақ ілеспе жұмыстарды орындауға мәжбүр болды. Оған шамамен 23 млн теңге жұмсалды.

Бұған дейін құрылыс салушы жеткізушіден сапасыз тауардың құны 19,35 млн теңгені өндіріп алған болатын.

Сотқа қайта жүгінгенде құрылыс салушы жеткізілген өнімнің сапасыздығы оған жалпы сомасы 43 млн теңгеден астам шығын әкелгенін көрсетті. Оның құрамына ақаулы плиталарды жеткізудің салдарын жою шығындары кірді.

Жеткізуші талапқа қарсылық білдіріп, панельдердің бұзылуы тапсырыс берушінің оларды орнату технологиясын бұзуынан болғанын алға тартты.

Істі сот талқылауына дайындау кезеңінде Астананың мамандандырылған ауданаралық сотында тараптар экстерриториялық соттылықты қолдану туралы өтінішхат жасады. Сот ұйғарымымен іс Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жіберілді.

Істі қараған сот талап қоюшының шығындары мен жауапкердің тауар сапасы жөніндегі міндеттемелерін тиісінше орындамауы арасындағы себептік байланысты анықтады. Жауапкердің орнату технологиясын бұзу туралы дәлелдері расталмады.

Бірінші сатыдағы сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына 43,5 млн теңге шығын, сондай-ақ 4,3 млн теңге сот шығыстарын өндіріп алды.

Апелляциялық тәртіпте сот актісі өзгеріссіз қалдырылды.