Қасбеттік плиталарды жеткізуші өнімнің қайтадан бұзыла бастауына байланысты құрылыс салушыға 43,5 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Ақаулар Алматы облысындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы кезінде анықталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жоғарғы соттың деректеріне сәйкес, алғашқы ақаулардан кейін жеткізуші сапасыз плиталарды ауыстырған. Алайда қайта орнатылғаннан кейін панельдер қайтадан бұзыла бастады — оларда көптеген жарықтар пайда болды.

«Зертханалық зерттеулер қасбеттік плиталардың беріктігі мен тығыздығы белгіленген талаптарға сай емес екенін көрсетті. Құрылыс салушы ақаулы панельдерді өз есебінен бұзып, жаңасын орнатуға мәжбүр болды. Бұл жұмыстар мен ілеспе шығындарға компания шамамен 23 млн теңге жұмсады. Бұған дейін құрылыс салушы жеткізушіден сапасыз өнімнің құны ретінде 19,35 млн теңгені өндіріп алған болатын. Жаңа талап арызда компания ақаулы плиталардан туындаған шығындарды өтеуді сұрады. Шығынның жалпы сомасы 43,5 млн теңгені құрады», — делінген сот хабарламасында.

Жеткізуші қойылған талаптармен келіспеді. Оның нұсқасы бойынша, панельдер тапсырыс беруші монтаж технологиясын бұзғандықтан бұзыла бастаған.

Сот бұл дәлелмен келіспеді. Іс материалдарында құрылыс салушының шығындары мен жеткізушінің тауар сапасы бойынша міндеттемелерді тиісінше орындамауы арасындағы себеп-салдар байланысы анықталғаны көрсетілген. Сот монтаж технологиясының бұзылғаны туралы дәлелдемелерді таппады.

Іс бастапқыда Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралған. Тараптардың өтінішхаты бойынша ол Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жіберілді.

Сот жеткізушіден 43,5 млн теңге шығынды және тағы 4,3 млн теңге сот шығыстарын өндіріп алды.

Апелляциялық саты шешімді өзгеріссіз қалдырды.