Тараз қаласының №2 соты «БМ» ЖШС құрылтайшысы, «арақ патшасы» атанған Сұлтан Махмадовтың ісіне нүкте қойды. Ол лицензиясыз кәсіпкерлік қызмет жүргізгені үшін кінәлі деп танылып, амнистия бойынша жазадан босатылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Махмадов 2025 жылы ұсталды. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі 122 мың литр спирт (құны 280 миллион теңгеден астам), 18 бірлік майнинг жабдығы және жеті автокөлік тәркіленгенін хабарлаған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстық топ лицензиясыз спирт өндірісін, сақтауды, тасымалдауды және сатуды ұйымдастырып, бұл әрекеттерін биоэтанол мен жемдік қоспалар шығару деп жасырған.

Сұлтан Махмадовқа және оған қатысты «Априори-Тараз» ЖШС-нің үш қызметкері – Рустам Кадимов, Марат Бирюков және Ольга Варавинаға – қылмыстық топ құру және оған қатысу, сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлік айыпталды. Махмадовты заңсыз майнингке жәрдемдесті деп те айыптады.

Сот тек бір эпизодты дәлелденген деп таныды. Тараздағы өндірістік база аумағындағы резервуарда 69 684 литр этил спирті (құны 128,4 млн теңге) сақталғаны анықталды. Ал «БМ» ЖШС-нің этил спиртін өндіруге арналған лицензиясы 2016 жылы жойылған, ал «Априори-Тараз» ЖШС-нің спирт айналымына лицензиясы мүлде болмаған. Махмадов «Априори-Таразда» техникалық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары және іс жүзіндегі басшысы бола тұра, бұл туралы білген.

Махмадовтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарынан (топ құрамында ерекше ірі мөлшерде кіріс тапқан заңсыз кәсіпкерлік) 214-баптың 1-бөлігіне (акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде сақтау нысанында лицензиясыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру) қайта сараланды. Жаза – бір жыл бас бостандығын шектеу және екі жылға басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру деп белгіленді. Алайда амнистия бойынша ол негізгі жазадан босатылды.

Суық қару таққан эпизод ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды (қылмыстық теріс қылықтар үшін бір жыл). Майнинг бойынша Махмадов ақталды. Аумақта 2021 жылдан 2025 жылға дейін барлығы 190 күн жұмыс істеген 18 бірлік майнинг жабдығы табылды. 2023 жылғы 1 сәуірден (майнинг лицензиялана бастаған кез) бастап кезеңдегі кіріс 35,4 млн теңгені құрады, бұл 10 000 АЕК (2025 жылы 39,3 млн теңге) мөлшеріндегі ірі залал шегінен төмен. Махмадовқа тиесілі әмияндардың дәлелі ұсынылмады.

Сот қалған эпизодтар бойынша (2017, 2024–2025 жылдары этил спиртін заңсыз өндіру, сақтау және өткізу, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құру) төрт айыпталушыны толық ақтады. Сонымен қатар, прокурордың 2017 жылғы істі тоқтатуды жою туралы қаулысы заңсыз деп танылды – ескіру мерзімдері 2019 жылы өтіп кеткен.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.