Алматыда қалалық полиция департаментінің бұрынғы бастығының орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісіне қатысты сот процесі басталды. Ол қызметтік міндетін атқармады деп айыпталуда. Тергеу деректері бойынша, бұл Аль-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған апатқа әкеп соқтырған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, апат болған түні жоғары лауазымды полиция қызметкерінің жүргізушісі мен 10 жылға сотталған Александр Пак кезектесіп бірін-бірі басып озған. Алматы полиция департаментінің бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев сотта куәгер ретінде сөйледі. Ол сол күні айыпталушы оны қызметтік тапсырмамен бірге жүріп, кейін үйіне жеткізіп, көлікті автобазаға тапсыруы керек болғанын айтты. Ұзабаев Александр Пакпен жеке таныс емес екенін, бірақ бұрынғы жүргізушісіне оң баға беретінін де мәлімдеді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Аль-Фараби даңғылында болған. Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Алдын ала сот отырысында Zeekr жүргізушісі қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, өзін ешқашан кешіре алмайтынын айтқан. Жәбірленуші тарап адвокат Мейірман Шекеевтің қызметінен бас тартты. Қаза болғандардың бірінің туыстары айыпталушымен татуласқандарын мәлімдеп, оны бас бостандығынан айырмауды немесе шартты мерзім беруді сұраған. Қаза болған жолаушының анасы да шартты жаза тағайындауды өтінген. Кейін үшінші жәбірленуші де талаптарынан бас тартты.
Айыпталушы сол түнгі оқиғалар туралы айтып, жазадан қашпайтынын мәлімдеді. Істе тағы бір жәбірленуші пайда болды — Mercedes жолаушысының әкесі 100 миллион теңге көлемінде азаматтық талап қойды.
22 маусымда сот Zeekr жүргізушісін кінәлі деп танып, оны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болады. Сондай-ақ ол өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды.


