Халықаралық рейтингтік агенттік S&P Global Ratings Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингін 2016 жылдан бері алғаш рет «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне көтерді. Рейтинг бойынша болжам — «Тұрақты», деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Агенттік мұндай шешімді экономиканың тұрақты перспективаларымен, жалғасып жатқан әртараптандырумен, сондай-ақ елдің айтарлықтай сыртқы және бюджеттік резервтерімен түсіндірді.
S&P бағалауынша, сыртқы тәуекелдер мен әлемдік шикізат бағасының ауытқуына қарамастан, Қазақстан экономикасы орта мерзімді перспективада өсуді жалғастырады. Сарапшылар 2026 жылдың қорытындысы бойынша елдің нақты ЖІӨ өсімі 5,1 пайызды құрайды деп күтеді. Сонымен қатар, агенттіктің болжамы бойынша, Қазақстан мұнай экспорттаушы елдер арасында салыстырмалы түрде жоғары өсу қарқынын сақтайды.
S&P сондай-ақ шикізатты өңдеу мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны атап өтті. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ұлттық холдингі арқылы жобаларды қаржыландыру инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін арттыруға көмектесуі тиіс.
Агенттік бюджет шығыстарының өсуін тежеу және салық базасын кеңейту бюджет тапшылығын біртіндеп қысқартуға мүмкіндік береді деп санайды.
S&P Қазақстанның күшті сыртқы позициясын бөлек атап өтті. Валюталық активтердің айтарлықтай көлемі орташа сыртқы қарыздан асып түседі, осының арқасында ел ірі сыртқы кредитор мәртебесін сақтап отыр.
Агенттік банк секторының жай-күйін де оң бағалады. Сарапшылардың пікірінше, реттеу мен қадағалауды күшейту банктердің макроэкономикалық соққыларға төзімділігін арттырып, активтер сапасына байланысты жүйелік тәуекелдерді төмендетті.
Бұған дейін Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингі «BBB-» деңгейінде болған еді.


