Неміс стартапы Isar Aerospace Spectrum зымыранын сәтті ұшырды. Ұшыру 5 қыркүйек кешке Норвегиядағы Аннёйа айлағынан жүзеге асты. Бұл зымыранның екінші сынақ ұшуы болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Старттан шамамен төрт минут өткен соң Spectrum шамамен 100 шақырым биіктікке көтерілді, бұл ғарыштың шартты шекарасы болып саналады. Кейін жерүсті станцияларының аймағынан шығып кетуіне байланысты зымыранмен байланыс үзілді.
Бұл ұшу — жеке еуропалық компания зымыранының Еуропа аумағынан ғарышқа жеткен алғашқы жағдайы. 2025 жылдың наурызында Spectrum-тың алғашқы ұшыруы сәтсіз аяқталған еді — зымыран старттан кейін шамамен 30 секундтан соң құлаған.
Бұл жолы Spectrum бірнеше университеттер әзірлеген бес ғылыми спутник пен ғылыми экспериментті алып ұшты. Барлық аппараттардың орбитаға шығарылғаны әзірге белгісіз.
Spectrum-тың екінші ұшыруы техникалық ақаулар мен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Isar Aerospace жыл соңына дейін тағы бірнеше ұшыруды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сериялық өндіріске шыққаннан кейін компания жылына шамамен 40 зымыран ұшыруды көздейді. Spectrum-тың сәтті ұшуы Еуропаға спутниктерді орбитаға шығаруда американдық компанияларға тәуелділікті азайтуға көмектесуі тиіс. Қазір еуропалық спутниктердің едәуір бөлігін SpaceX орбитаға шығарады.
Бұған дейін «Курсив» Үндістанның алғашқы жеке орбиталық зымыраны Vikram-1-ді ұшырғанын хабарлаған болатын.


