Швейцариялық Stadler вагондары бар жаңа жолаушылар пойызында дәретхана уақытша істен шықты. Бұл туралы вагон ішінен түсірілген кадрларды Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жолаушы әйел хабарлады. Оның айтуынша, ақаулыққа кептеліс себеп болған, ал бейнежазба авторы кінәні жолаушылардың өзіне артқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жарияланымға «Пассажирские перевозки» акционерлік қоғамы жауап берді. Компанияның баспасөз қызметі көрсетілген вагондағы дәретхана бөлмесінің уақытша тоқтағанын растап, диагностика нені көрсеткенін түсіндірді.

«Осы фактіге қатысты айтарымыз: көрсетілген вагонда дәретхана бөлмесінің жұмысы шынымен де уақытша тоқтатылды. Диагностика барысында ақаулыққа санитарлық-техникалық жүйенің қағаз майлықтармен бітелуі себеп болғаны анықталды. Қазір мамандар оны жою жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деді компанияда.

Баспасөз қызметі ескерту белгілері мен жазулар болғанына қарамастан, жолаушылардың дәретхана бөлмесін пайдалану ережелерін сақтамайтын жағдайлары тіркеліп отырғанын да атап өтті. Дәретхана қағазы, жеке гигиена құралдары және басқа да бөгде заттар жүйеге түскенде жабдық істен шығатыны ерекше аталды.

«Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және жолаушыларды белгіленген ережелерді сақтауға, вагон мүлкіне ұқыпты қарауға шақырамыз», — делінген компания хабарламасында.

Еске салайық, бір апта бұрын швейцариялық Stadler вагондары бар пойыз алғаш рет астаналық вокзалдан Алматыға қатынай бастаған.