Алматы облысында сот әйелді ұзақ уақыт бойы қудалаған ер адамға үкім шығарды. NUR.KZ агенттігінің қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, бұл — әрекеттері сталкинг бабы бойынша сараланған алғашқы осындай жағдай, деп жазады infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам әйелдің өзімен қарым-қатынас жасауды қаламағанына қарамастан, оны ұзақ уақыт мазалаған. Ол әйелді қоя бергісі келмей, WhatsApp арқылы хабарлама жіберуді жалғастырған және оның еркіне қарсы сөйлесуге қол жеткізуге тырысқан.
Сотта жәбірленуші жүйелі түрде қудалауға ұшырағанынан үнемі қорқыныш сезінгенін, ұйқысы бұзылғанын және әдеттегі өмір салтын өзгертуге мәжбүр болғанын айтты.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінді. Сот оның әрекеттерін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің сталкинг үшін жауапкершілікті көздейтін 115-1-бабы бойынша саралады.
Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындау мен өкінуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде ер адам 100 сағат қоғамдық жұмысқа сотталды. Сонымен қатар сот оған жәбірленушіге жақындауға тыйым салды.
Жазаның орындалуын және сотталған адамның мінез-құлқын пробация қызметі қадағалайтын болады. Ол белгіленген мерзімде уәкілетті органда есепке тұруы, ал тұрақты жұмысы немесе оқуы болмаса — бір ай ішінде жергілікті жұмыспен қамту органында тіркелуі қажет.


