Актер Сильвестр Сталлоне АҚШ президенті Дональд Трамптың Голливудқа арнайы елші болу туралы ұсынысынан бас тартқанын, алайда кейін теледидар жаңалықтарынан өзінің бәрібір осы қызметке тағайындалғанын кездейсоқ білгенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сталлоне айтуынша, ол бұған дейін Трамппен жеке кездесіп, осы жұмысты талқылаған. Сонда ол бұл қызметтің өзіне сәйкес келмейтінін бірден жеткізген.
«Мен «Рақмет, чао» дедім, өйткені бұл мүмкін емес. Голливуд жұмыс істеп, дами береді. Бұл – корпоративтік құрылым, ал корпоративтік адамдар маған қаржы туралы айтқанымда тыңдамайды», – деді актер The Times басылымына берген сұхбатында.
Алайда Трамп 2025 жылдың басында осы қызметті тағайындаған кезде Сталлоне, сондай-ақ Мел Гибсон мен Джон Войт Голливудтағы арнайы елшілер болатынын бәрібір көпшілікке жариялады. «Рэмбо» жұлдызы ол кезде ұсыныстан бас тартып қойған еді және өзінің тағайындалғанын мүлдем кездейсоқ білді.
«Бір күні кешке теледидар көріп отырып: «Сталлоне, Мел Гибсон және Джон Войт болады...» дегенді естідім. Мен: «Не? Кешіріңіз? Шынымен бе?» дедім. Егер менен сұраса, мен бұл мүмкін емес екенін айтқанмын ғой. Голливуд «феодалдық мемлекеттер» сияқты құрылған, онда әрбір ірі студияның өз «корольдігі» бар. Сіз жай келіп, алты студияға қалай жұмыс істеу керектігін айта алмайсыз», – деп еске алды актер.
Айта кетейік, актер Джон Войт пен режиссер Мел Гибсон өз қызметтерін қуана қабылдады, бірақ олар да тағайындау туралы кездейсоқ білген. Войт қазір американдық кино және телеөндіріс үшін федералдық салық жеңілдіктерін енгізуді белсенді жақтап жүр. Ал Гибсон өз жұмысы аясында АҚШ пен Италия арасындағы бірлескен киноөндіріс туралы келісімді ұсынды.
Айтпақшы, енді Гибсонның жаңа байланыстарын қалай пайдаланып жатқаны белгілі болып отыр. Бұған дейін Kursiv LifeStyle режиссердің Италияда «Христостың құмарлықтары» фильмінің түпнұсқасы шыққаннан кейін 20 жылдан астам уақыт өткен соң жалғасын түсіргенін жазған еді. Түсірілім бірнеше қалада: Рим, Бари, Джиноза, Крако, Бриндизи және Матерада өтті.

