Стамбулда Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова қаза тапқаннан кейін полиция екі адамды — оның бөлмелес құрбысы мен жігітін ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Demirören Haber Ajansı (DHA) агенттігінің мәліметінше, ұстаулар прокуратураның нұсқауымен жүргізіліп жатқан тергеу аясында жасалған. Іске қатысушылар — марқұмның жігіті, дүкен иесі 35 жастағы Мажар Т. және оның пәтерлес құрбысы, Ресей азаматы 22 жастағы Дарья Б.
Жаңа мәліметтер де белгілі болды. 26 жастағы қазақстандық қыздың соңғы суреті жарияланды. Ол көрші ғимараттың шатырынан құлап қаза тапқан. Шишли ауданындағы 6-қабаттағы пәтерінің балконынан асып, сол шатырға шыққан. Агенттіктің дерегінше, осы суретті түсірген көршісі Дарья Б. оны шатырдың шетіне отырмауға ескерткен. Ол болса: «Мен осында отырамын, сен ұйықтауға бар», — деп жауап берген.
Полиция оқиға алдында қазақстандық қыз жігітінің қасында болғанын, одан шамамен 07:40-та шыққанын анықтады.
Дарья Б. өз жауабында бөлмесінде қатты музыкадан оянғанын айтқан. Не болып жатқанын білу үшін тұрған ол құрбысының бөлмеде жоқтығын байқаған. Оның сөзінше, бір шу естіп, көрші ғимараттың шатырының бүлінген бөлігін көрген, ал жарық құдығына (ішкі аула-шахтаға) үңілгенде құрбысының қозғалыссыз жатқанын байқаған.
Белгілі болғандай, Дарья Б. алдыңғы күні кешке олар Бекмахановамен бірге үйден шыққанын, ал таңғы 05:00 шамасында құрбылар ажырасып, Бекмаханова жігітіне кеткенін хабарлаған. Осыған байланысты полиция дүкен иесі Мажар Т.-ны жауапқа тартты. Ол Бекмаханованың жігіті болып шықты. Мажар Т. Бекмаханова таңғы 5:30 шамасында өзіне келгенін, олар бірге уақыт өткізгенін, ал таңғы 07:40 шамасында ол өз орнынан шығып, үйіне қарай кеткенін мәлімдеді.
Бекмаханова мен оның пәтерлес құрбысы Дарья Б. Түркияға 8 қыркүйек, сейсенбі күні келгені анықталды.


