Қазақстанның 59 жолаушылар пойызында спутниктік интернет қолжетімді, деп хабарлайды infohub.kz.

Ұлттық тасымалдаушының мәліметінше, қазір Starlink 770-тен астам вагонды қамтиды. 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейін 124 пойызды — яғни 50 бағыттағы 1235 вагонды спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарлануда.

Спутниктік интернет келесі бағыттарда жұмыс істейді: Нұрлы жол — Алматы, Нұрлы жол — Өскемен, Нұрлы жол — Орал, Нұрлы жол — Петропавловск, Алматы-2 — Өскемен, Қызылорда — Семей, Ақтөбе — Алматы-1, Маңғыстау — Ақтөбе, Орал — Маңғыстау, Ақтөбе — Қазалы, Ақтөбе — Атырау, Павлодар — Алматы.

ҚТЖ пойыздарда спутниктік интернетті 2025 жылы тестілей бастады. Starlink пен OneWeb Астана — Алматы, Астана — Өскемен, Астана — Бурабай, Астана — Семей және Алматы — Маңғышлақ бағыттарында сынақтан өтті.

Аталған бағыттардағы жолаушыларға тегін базалық пакет уәде етілген. Байланыс жылдамдығы WhatsApp пен Telegram-да хат алмасуға жеткілікті болуы тиіс. Басқа қажеттіліктер үшін компания жеке тарифтік пакеттер жасауды жоспарлап отыр.

«Спутниктік арнаның техникалық мүмкіндіктері 100 Мбит/с дейінгі жылдамдықты қамтамасыз етеді. Төмен орбиталық спутниктік байланысты пайдалану теміржол желісінің шалғай учаскелерінде де интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деп жазады ҚТЖ.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда жолаушылар пойыздарында интернетті іске қосу жұмыстары жалғасып жатқанын жазған болатын. Цифрлық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, оны барлық пойыздарға өткізу мүмкін емес — тек заманауи «Тальго» пойыздарына ғана.