Степногорск қалалық соты екінші деңгейлі банк бөлімшесінің директоры мен кассирді жалпы сомасы 255 миллион теңгені жымқырғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айыруға соттады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, банк бөлімшесінің директоры Ш. кассир К.-мен сөз байласып, несие мекемесінің ақшасын жымқыруды ұйымдастырған. 2022 жылғы қарашадан желтоқсанға дейін кассир басшының нұсқауы бойынша қоймадан 1, 3, 8 миллион теңге сомаларын алып шығып, оған тапсырып отырған. Директор қызметкерге ақша салатын пакеттер мен рюкзакты алдын ала беріп, кейін оларды банк ғимаратынан алып шыққан. Тексеру актісі бойынша кемшілік сомасы 255 миллион теңгеден асқан.
Айыпталушылардың кінәсі дәлелдемелер жиынтығымен расталды: тексеру актісі, аудиторлық қорытынды, кемшілік туралы сараптама, куәлардың айғақтары, айыпталушылардың өздерінің мойындау айғақтары, банк бейнебақылау камераларының жазбалары және істің басқа да материалдары.
Сот айыпталушылардың әрекетін жымқыру, яғни бөтеннің мүлкін алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамның қызмет бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде жымқыруы деп бағалады (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы). Жеңілдететін мән-жайлар ретінде директордың шын жүректен өкінуі, сондай-ақ кассирдің жасының кішілігі және оң мінездемесі танылды.
Сот үкімімен Ш. мен К.-ге әрқайсысына жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ бес жыл мерзімге ұйымдар мен мекемелерде материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру тағайындалды. Зиянды өтеу бөлігінде жәбірленушіге азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Алдын алу мақсатында үкімді жариялау кезінде банк филиалының қызметкерлері қатысты.


