Степногорскіде полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз жүрген мотоциклді тоқтатып, тексеру барысында тағы екі заңбұзушылықты анықтады — көлікті мас күйінде басқару және жүргізуші куәлігінің жоқтығы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, мас күйіндегі мотоциклші Степногорскіде ұсталды.

«Кезекті деректі Ақмола облысы ПД РПП екінші взводының қызметкерлері Степногорск қаласында анықтады. Түнде патрульдік полицейлер Новосибирск көшесінде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз жүрген Vento Riva-II CX маркалы мотоциклді байқады. Құжаттарды тексеру кезінде полиция қызметкерлері жүргізушіден алкоголь иісін сезді. Ер адамға медициналық куәландыру ұсынылды, ол мас күйін растады. Сонымен қатар оның көлік басқару құқығы болмаған», — делінген хабарламада.

Жүргізуші қала арқылы шетінде орналасқан үйіне қарай келе жатқаны анықталды.

Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар ол көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Іс бойынша заңда көзделген шаралар қолданылды.

Жыл басынан бері Ақмола облысы аумағында полиция қызметкерлері мас күйінде мотоцикл басқарудың 154 дерегін анықтап, жолын кесті.