Америкалық актер Стивен Болдуин 6 миллион долларлық азаматтық талап бойынша жауапкер атанды: істің себебі — Нью-Мексико штатындағы тарихи Hotel St. Francis қонақүйінің зақымдалуы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға 2024 жылдың шілдесінде, 60 жастағы әртіс Санта-Фе қаласында тұрған кезде болған. Сот құжаттарына сәйкес, Болдуин өз нөмірінің ванна бөлмесіндегі өрт дабылының датчигін байқаусызда ұстап кеткен, соның салдарынан өрт сөндіру жүйесі іске қосылған. Су ағыны бірнеше қонақ бөлмесін, сондай-ақ ескі ғимараттың дәліздерін, төбелері мен қабырғаларын басып кеткен. Актердің өзі ол кезде қонақүй әкімшілігіне бүріккішті сүлгімен байқаусызда ұрғанын түсіндірген.

Westfield Insurance Company сақтандыру компаниясы Heritage Hotels and Resorts басқарушы компаниясына қалпына келтіру және үй-жайларды қайта жаңғырту жұмыстары үшін 6 миллион доллардан астам қаражат төлеген. Енді сақтандырушылар бұл соманы актерден өндіріп алу үшін азаматтық талап қойды. Талапкерлер Болдуиннің нөмірді пайдалану кезінде ұқыпсыздық танытып, қажетті сақтықты сақтамағанын алға тартады.

The Usual Suspects фильмінің жұлдызының заңгерлері істі Нью-Йорк штатының Жоғарғы сотынан басқа инстанцияға ауыстыру туралы өтінішхат жіберіп қойған. Талап актердің денсаулығына қатысты соңғы мәселелер аясында түскен: бұған дейін Болдуин жазда артериясы 90 пайызға бітелгеніне байланысты шұғыл жүрек операциясын жасатқанын айтқан.