ҚР ҰҚК Шекара қызметінің зейнеткері, запастағы майор Орал қаласының әкіміне және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне талап арызбен жүгінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, облыстың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Орал қаласының әкіміне және қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне (ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі) қатысты пәтерді приватизациялаудан бас тарту туралы әкімдік тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін даулау туралы әкімшілік істі қарады.

Сот анықтағандай, талапкер — запастағы майор, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің зейнеткері. 2019 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2029 әскери бөлімінің тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасымен приватизацияға жатпайтын тұрғын үйде тұратын бөлім зейнеткерлерінің қызметтік тұрғын үйін кейіннен приватизациялау мақсатында басқа тұрғын үйге айырбастау мәселесі шешілді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен талапкерге және оның отбасы мүшелеріне қызметтік пәтерді қалдық құны бойынша приватизациялау құқығы берілді. Қызметтік тұрғын үй коммуналдық меншікке қабылданып, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің балансына берілді.

2025 жылғы 27 қарашада ер адам пәтерді приватизациялау туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органға жүгінді. Алайда тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамалық шешімімен талапкерге тұрғын үйді приватизациялаудан оның «Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғын үйі бар» деген негіздемемен бас тартылды.

Сот талап арызды қанағаттандыра отырып, 2019 жылғы ҚР ҰҚК Шекара қызметі тұрғын үй комиссиясының хаттамасымен талапкерге және оның отбасы мүшелеріне қызметтік пәтерді қалдық құны бойынша приватизациялау құқығы берілген деген тұжырымға келді. Яғни, талапкердің берілген қызметтік тұрғын үйді приватизациялау туралы шешімді тиісті және уәкілетті орган қабылдаған.

Қаралып отырған жағдайда ер адам және оның отбасы тұрғын үйге мұқтаж деп танылған, сондай-ақ мұра бойынша мүлік алғанға дейін пәтерді приватизациялау туралы шешім қабылданған, демек, 2019 жылғы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің хаттамалық шешімі тұрғын үйді приватизациялау туралы шарт жасасу арқылы орындалуға тиіс. Шешім заңды күшіне енген жоқ.