Әлемде қазан айы сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлық айы саналады. Осы кезеңде аурудың алдын алу, емдеу және науқас әйелдерге қолдау көрсету туралы айту дәстүрге айналған. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОжРҒЗИ) мамандары сүт безі мен қолтық асты аймағындағы қандай өзгерістер дәрігерге қаралуға себеп болатынын еске салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ең алдымен сүт безінде немесе қолтық астында пайда болған түйін немесе қатайған жер назар аударуды қажет етеді. Әсіресе ол жақында пайда болып, сол күйінде қалып, ауырсыну тудырмаса.
Сүт безінің пішіні мен мөлшерінің өзгеруі де алаңдатуы тиіс. Атап айтқанда, бір сүт безі екіншісінен айтарлықтай өзгешеленіп, бұрын болмаған асимметрия пайда болса.
Емізу кезеңінен тыс уақытта емізіктен сұйықтық бөлінуі де назар аударуды талап етеді. Әсіресе бөлінді қанды болып, баспай-ақ өздігінен шықса, маманға қаралу өте маңызды.
Тағы бір ықтимал белгі — емізіктің немесе терінің ішке тартылуы. Емізіктің орнының өзгеруі, мысалы, ішке қарай тартыла бастауы алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Сондай-ақ емізік аймағындағы теріде шұңқырдың пайда болуы немесе оның бедерінің басқаша өзгеруі де алаңдатуы тиіс.
Сүт безінің бір бөлігінің немесе толықтай ісінуі және көлемінің кенеттен ұлғаюы да назардан тыс қалмауы керек. Мұндай өзгерістер айқын қатайған жерсіз де пайда болуы мүмкін.
Сүт безі, емізік немесе ареола терісінің жай-күйіне де назар аударған жөн. Мұндай өзгерістерге қызару, қалыңдау, шұңқырлардың пайда болуы, қабыршақтану және басқалары жатады.
Қазақстанда 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер сүт безі қатерлі ісігіне тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында екі жылда бір рет — жұп жасқа толған жылдары: 40, 42, 44, 46 және 76-ға дейін тегін скринингтен өтеді. Скринингтің негізгі әдісі — екі проекциядағы маммография. Оны тіркелген емханада жасатуға болады.
Аталған белгілердің біреуінің болуы адамда қатерлі ісік бар дегенді білдірмейді. Мұндай симптомдар басқа да себептерден туындауы мүмкін, сондықтан өзгерістерді дәрігермен талқылаған дұрыс.
Сондай-ақ ҚазОжРҒЗИ 2026 жылғы 31 қазанда емханалар мен онкоорталықтарда ашық есік күні өтетінін хабарлады. Әдетте мұндай күндері тегін скринингтер мен дәрістер өткізіледі. Уақыты мен қатысу шарттарын өз медициналық ұйымыңыздан жеке нақтылау қажет.
Бұған дейін Kursiv Health Павлодардағы «Розовый Қазан» жүгіру жарысы туралы жазған болатын: жүздеген адам сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын әйелдерді қолдау мақсатында бірнеше шақырым жүгірді.


