Қазақстанда сұйытылған мұнай газын көтерме сатудың шекті бағасын 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұрынғы деңгейде қалдыру жоспарланып отыр. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сөз энергетика министрінің «Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын тауар биржаларынан тыс жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын көтерме сатудың шекті бағасын бекіту туралы» бұйрығы туралы болып отыр.
Хабарланғандай, Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын көтерме сатудың шекті бағасын 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап сол деңгейде қайта бекітуді жоспарлап отыр. Қазіргі қолданыстағы шекті көтерме баға — қосылған құн салығынсыз бір тоннасына 59 722 теңге.
Құжат 27 қарашаға дейін жалпыға ашық талқылауда болады.
Еске салайық, шілдеде энергетика министрі жыл соңына дейін Қазақстанда сұйытылған газ бағасы көтерілмейтіні туралы бұйрыққа қол қойған болатын.
«Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын тауар биржаларынан тыс жеткізу жоспары аясында 2026 жылдың 1 шілдесінен 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңге сұйытылған мұнай газын көтерме сатудың шекті бағасын қосылған құн салығынсыз бір тоннасына 59 722 теңге мөлшерінде бекіту» делінген құжатта.


